Турнирге Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова, Римма Волосенко, Наталья Богданова мен Валентина Хальзова қатысады
Бокстан еліміздің әйелдер құрама командасы 4-12 наурыз аралығында Италияның Бусто-Арсицио қаласына ерлер және әйелдер арасында Францияның Париж қаласында жалауы көтерілетін жазғы Олимпиялық ойындарға лицензия беретін халықаралық турнирге қатысу үшін аттанды.
Осы жерде Олимпиадаға 21 жолдама сарапқа салынады.
Қазақстан құрамында шаршы алаңға 50 келі салмақта Алуа Балқыбекова, 54 келіде Жайна Шекербекова, Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) шығады.
Бас жаттықтырушы Шәміл Сафиуллин, Алуа Балқыбекова (50 кг) мен Жайна Шекербекова (54 кг) Апеннин түбегіне Алматы арқылы аттанса, Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) мен басқа да жаттықтырушылар алқасы Астана арқылы ұшты.
Турнир алдында боксшыларымыз Италияның Ассизи қаласында бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Оған Қазақстан құрамасынан бөлек, турнирге қатысатын 30-ға жуық команданың боксшылары дайындықтарын пысықтайды.
Боксшыларымыздың дайындықтары жақсы. Италияда қыздарымыз аянып қалмайды. Жаттығу жиынында дайындығымызды әлі де пысықтаймыз. 25 ақпаннан бастап спаррингтік кездесулер өткіземіз де, Бусто-Арсицио қаласына 29 ақпанда шығамыз, - деді Шәміл Сафиуллин.
Бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында әзірше 2 жолдама бар. Оны 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жеңіп алды.
Еске сала кетсек, осы турнирге ерлер құрамасы да қатысады. Олар бес салмақта қолғап түйістіреді. Шаршы алаңға Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) мен Айбек Оралбай (92 кг) шығады.
Ерлерде 28 жолдама үлестіріледі. Ал жалпы турнирге 114 елден 668 спортшы қатысады.