Halyq Uni логотип
×

«Оян, қазақ!» пен «Педагогика» және Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі қайта басылып шықты

Үш кітаптың әрқайсы мың данамен шыққан

 Ербол Тұрымбет 28.05.2022 | 15:32
«Оян, қазақ!» пен «Педагогика» және Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі қайта басылып шықты
фото: Halyq Uni

Елордада Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» пен Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбектері және Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» шығармалар жинағы қайта басылып шықты. Аталған кітаптарды «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігі жанындағы «Асыл мұра» тағылымдық кітаптар сериясын шығару бөлімі саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жариялап отыр.

Бұл кітаптар бұрын да басылған. Бірақ біразы ескірген, кітапханалардан таппаймыз. Кей материалдарды үзік-үзік интернеттен табуға болады. Біз соның бәрін біріктіріп, кітап қылып шығардық. Соның ішінде «Педагогика» алғаш рет 1922 жылы жарық көрген. Содан бері араға 100 жыл салып, қайта жаңартып басып шығарып отырмыз, дейді республикалық бірлестік төрағасы Рақымбек Жолаев.

Белгілі әдебиеттанушы, «Асыл мұра» тағылымдық кітаптар сериясы ақылдастар алқасының мүшесі Серік Негимовтың сөзінше, қазақ тілінде 260-тай ұлттық термин бар. Бірақ қазіргі қазақтың ғылыми тілінде түсініксіз термин көп. Жаңа ғылыми еңбектерді оқып түсіну қиын. Халықаралық термин жиі қолданылады. 

Мысалы, «Әдебиет танытқыш», 1926 жылы шықты. Онда бір де бір бөтен сөз жоқ. Болмаса, Халел Досмұхамедұлының «Гигиена», «Медицина», «Физиологиясы». Үшеуі – үш том кітап, бір бөтен сөз жоқ. Енді Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсы», я болмаса, Қаныш Сәтбаевтың 1926 жылы жазылған «Алгебрасы». Ж. Аймауытовтың «Психологиясы» мен 1980 жылы Ағжан Машанидің жер туралы кітабы шықты. Қаныш Сәтбаев алғысөз жазған. Геология, генедезия, тағы басқаларын жақсы түсіндіреді, дейді ғалым. 

Оның айтуынша, қазіргі ғылыми диссертациялардың көбі плагиат. Өйткені, еңбектің 60%-ы бұрынғы еңбектерді цитата қылады. Сондықтан оқылмайды. Ал Байтұрсыновтар оқылады. Себебі ұлттың тілінде жазылған. 

Ақылдастар алқасының тағы бір мүшесі Ақжігіт Әлібекұлының айтуынша, бұл кітаптарды көптеп шығарудың өзіндік мәні бар. 

Кейде мұндай кітаптар бұрыннан бар ғой, несіне қайта-қайта тұсауын кесе бересіздер деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы айдың басында қалада кітап көрмесі өтті. Сонда қазақша тәлім-тәрбие беретін кітаптар санаулы ғана. Шыққан кітаптар бар, бірақ қызылды-жасылды, қалың мұқабамен, оқырманға қолжетімді емес. Ал енді сол кітаптардың жағдайы қалай екен деп қасындағы «Меломанға» кірсек, ол кітаптар мүлде жоқ. 19-20 ғасырдың басында өмір сүрген орыстың классиктері тұр, дейді ол. 

Қоса кетейік, үш кітаптың әрқайсы мың данамен шыққан. Жалпы Қазақстанда 8 мыңдай мектеп бар десек, ата-аналар бірлестігі алдағы уақытта бұл еңбектерді соның бәріне тарату үшін тағы да шығарылатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама