Halyq Uni логотип
×

Алматының бірнеше ауданында мектеп есепшілері ақша жымқырған

Прокуратура білім беру мекемелеріне тексеру жүргізді

 Динара Амантай 21.02.2024 | 10:15
Алматының бірнеше ауданында мектеп есепшілері ақша жымқырған
Фото: Halyq Uni

Алматының бірнеше ауданында мектеп есепшілері ақша жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық прокуратура балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім беру мекемелеріне тексеру жүргізді.  Жүргізілген тексерулер балалардың қауіпсіздігі саласында қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетті.

Оған ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жарты мыңнан астам бұзушылықтар, балаларды тасымалдау және білім беру мекемелерін қорғау ережелерінің, санитарлық және өртке қарсы нормалардың бұзылуы, сондай-ақ оқушылар арасында буллинг фактілерінің анықталуы дәлел.

Тексерулер нәтижесінде сотқа дейінгі 10 тергеп-тексеру басталып, шамамен 60 млн теңге өтелді. Бұған қоса 67 қадағалау актісі енгізілді және 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында, оның ішінде оқушылар арасындағы буллингке қатысты, оқушылар немесе олардың ата-аналарына онлайн режимде қалалық прокуратураға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін «QR-код» жобасы әзірленді.

Мектеп психологтерінің біліктілігін арттыру мақсатында қала прокуратурасы NGS жаңа буын мектебі алаңында мемлекеттік мектептердегі барлық психологтердің, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың және білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырды.

Сонымен қатар прокурорлар 330 млн теңгеден астам бюджет қаражатының ұрланғанын анықтады.

Бостандық ауданының прокуратурасы мектептердің бірінде жалақыға арналған бюджет қаражатын бас есепшінің ұрлағанын анықтады. Ол мектептің жұмыс істемейтін қызметкерлеріне және өзінің жақын туыстарына ақша аудару арқылы мемлекетке 160 млн теңге залал келтірген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Осыған ұқсас ұрлық фактілерін Медеу, Алмалы, Түрксіб және Алатау аудандарының прокурорлары анықтады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама