×

Киногерлердің көбі жақсы фильм түсіруге мүдделі емес – министрлік

Кассалық жинақ көлемі ұлттық фильмдер прокатының жыл сайын құлдырап бара жатқанын көрсетіп отыр

 Дастан Жұмабекұлы 20.02.2024 | 17:36
Фото: gov.kz/ Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңмен реттелетін отандық киноиндустрияны қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын хабарлады. Алайда министрлік жүргізген талдауға қарағанда, киногерлердің дені жақсы фильм түсіріп, оны насихаттауға мүдделі емес.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету үшін ашық конкурстар ұйымдастырып, оларды іріктеумен айналысады.

Кино орталығы жұмыс істеген 5 жылда 103 жобаға қаржы бөлген. 19 млрд теңгеге түрлі жанрда 98 фильм түсірілді. Оның ішінде 42 көркем, 23 деректі, 25 қысқаметражды, 8 анимциялық фильм бар. Кинотеатрларға, телевизиялық және онлайн прокатқа тек 23 картина шыққан (көркем фильм – 20, деректі фильм – 3). Биыл 2023 жылға дейін түсірілген 27 фильм көрсетіледі, – делінген хабарламада.

Сонымен бірге бір ескеретін нәрсе, прокатты ұйымдастыру үшін министрліктен прокат куәлігін алу ғана жеткілікті. Бірақ осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, режиссерлердің көбі фестивальдар мен конкурстарға арнап фильмдер түсіреді немесе авторлық кино дайындайды. Осылайша, өздерінің жеке шығармашылық амбицияларына басымдық беріп, көпшілік аудитория сұранысын ұмытып кетіп жатады. 

Кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл ұлттық фильмдер прокатының жыл сайын құлдырап бара жатқанын көрсетеді. 

Көрерменнің әлі күнге дейін кейбір картиналарды көрмеуінің басты себебі – өндірушілер мен авторлардың прокатқа шығаруға деген ниетінің жоқтығы. Өйткені олар өз қаламақысын жоба барысында-ақ алып қойған.   

Мәселен, «Тұрсыновфильм» ЖШС жетекшісі – режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов мемлекеттен 2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бесмойнақ» толықметражды көркем фильмін шығаруға 500 млн теңге көлемінде ақша алды. Бірақ көрермен фильмді осы уақытқа дейін көрген жоқ.

Кинорежиссер Рашид Нұғмановтың «Бату. Тарихи детектив» атты киносына 192 млн теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталған. Бірақ қалың көрермен бұл фильммен де таныс емес.

Кинорежиссер Дамир Манабай «Тырналар» жобасына 422 млн теңге ақша алды.

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург» фильмін шығаруға 239 млн теңге бөлінді. Кинотеатрлардағы кассалық жинақ 1,1 млн теңге ғана болды.

Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін қаржыландыруға 900 млн теңге берілді. Ал оның кинопрокаттан жинағаны 25 млн теңгеден аспады.

Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына мемлекеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Фильм прокатта 650 мың теңге жинады. 

Режиссер Бекболат Шекеровтің «Лето 1941-го года» көркем фильмін түсіруге 697 млн теңгеден астам қаражат берілді. Кассада туынды тек 40,6 млн теңге ғана жинап алды.

Режиссер Ернар Нұрғалиевтің де «На старте» фильмі осындай. Мемлекеттен 468,5 млн теңге бөлінді. Прокатта бар болғаны 15,5 млн теңге немесе бюджеттің 3,3%-ын жинады.                             

Режиссер Фархат Шариповтың «Схема» картинасы небәрі 21,8 млн теңге жинай алды. Ал оны түсіруге 300 млн теңге берілді.

340 млн теңгеге түсірілген «Бүркіт» фильмі небәрі 254 мың теңге ғана жинады.

Жобаларды іске асыру үшін мемлекет бөлетін сомаға 10% мөлшерде режиссерлердің гонорары да төленгенін айта кеткен жөн.

Жеке кинокомпаниялар өздерінің кинокартиналарын одан әрі прокатқа шығару мен тарату мәселесіне бей-жай қарайды. Бірақ басқа жобалар арқылы кино орталығының ашық конкурстарына қатысып келеді. Сөйтіп, мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.

Байқаудан өтпеген жағдайда олар наразылық көрсетіп, жобаларды таңдаудағы объективтілік пен ашықтыққа күмән келтіреді. Кинематографистерді митингке шығарамын деп қорқытып, конкурс нәтижесін өз жағына бұрғысы келеді.

Дәл осындай жағдай мультипликация және анимация саласында да байқалады. 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ. Мәселен, «ADAY Production» ЖШС-ның «Кенже қыз» туындысына 232,8 млн теңге бөлінген. «Ырысы Ақ Қазақстан» ЖШС таспалаған «Караван историй» мультфильміне 213,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, «Dala Animation» ЖШС-ның «Бесік жырына» 32,4 млн теңге берілген, – делінген материалда.

Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескерілетін болады.

Министрліктің негізгі міндеті – фильмдер шығару кезінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету.

Ведомство шығармашылық еркіндікті құрметтейді. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ және сөзсіз сақталуы керек.

Сондай-ақ, министрлік қазір жағдайы ақсап тұрған «Қазақфильм»  мемлекеттік киностудиясына барлық қажетті көмек көрсетілу қажет деп санайды.

Кино қауымдастықпен бірлесіп ұсынылатын кинематография саласындағы, оның ішінде «Қазақфильмге» қатысты заңнамалық түзетулер елдегі киноиндустрияның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін қажет, – делінген хабарламада.

Киностудияға кино орталығының конкурсына қатыспай-ақ, қаржылық қолдау көрсету ұлттық киноны қолдау үшін қажетті қадам болар еді. Бұл студияға мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруға, сапалы фильмдер шығаруға және Қазақстан мәдениеті мен тарихын ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған қаржыландыру механизмі жеке кинокомпаниялар арасында киножобаларды конкурстық іріктеуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, кинематографиялық индустрияда бәсекелестік орта қалыптасады.

«Қазақфильмнің» тұрақты жұмыс істеуі ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы фильмдер шығаруға мүмкіндік береді.

Бұл қазақстандық кинематографияның әлемдік аренадағы орнын нығайтуға және дарынды қазақстандық кинематографистердің жолын ашуға мүмкіндік береді.

 2019 жылдан 2023 жылға (қоса есептегенде) дейінгі мемлекеттік қолдауға ие болған киножобалардың тізімі төмендегі қосымшада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама