Halyq Uni логотип
×

«Сыртқа шығуға қорқамыз»: Қарағандыдағы «Шапағат» тұрғын үй кешенінде тағы шу шықты

Сапасыз құрылыс қалай қабылданып кеткенін жауапты мамандардың өзі айта алмады

«Сыртқа шығуға қорқамыз»:  Қарағандыдағы «Шапағат» тұрғын үй кешенінде тағы шу шықты
фото: 24 kz

10 жыл бұрын жермен-жексен болған «Бесобаның» орнына салынған 9 қабатты үйдің сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Жұрт үй қаптамасы желмен ұшып жатқанын айтады. Бұл туралы Хабар 24 арнасының сюжетінде көрсетілді. 

Әрқайсының салмағы 7-8 келіге жуықтайды. Адамның үстіне құласа аман қалуы екіталай. Қазір баспанада 160 отбасы тұрады. Алты жыл бұрын тапсырылған үйдің есік-терезесі аңғал-саңғал, қабырғасы қақырапты. Арзан құрылыс материалдарымен салынған дейді жұрт. Ол аздай лифті жүрмейді, тоқ сымдары ашық жатыр. Келісімшарт бойынша балкон шынымен қапталу керек еді, бірақ ол жұмыс та орындалмаған.

«Мына үйді қай әкім, қай құрылыс бөлімінің маманы қабылдады. Біріншіден, ыстық су өткізілмеген. Өрт гидранты жоқ. Бүкіл полдардағы салған плиталар ұшып жатыр. Қабырғалардың барлығында үлкен-үлкен жарықтар тұр. Арғы көше жақтың барлық балкондары қапталу керек екен, ешқайсы қапталмаған», - дейді қала тұрғыны Светлана Сәрсембаева.

Құрылыс басталғалы үш мердігер ауысыпты. Соңғы компанияға жұмысты аяқтау үшін қазынадан 367 млн теңге бөлінген. Бірақ нәтижесі осы.

«Бұл - адам өлтіретін үйлер. Білесіздер ме, күндіз сыртқа шығуға қорқамыз. Керамогранит құласа, күлкілі нәрсе емес, салдары қиын болады», - дейді тұрғын Меруерт Садуова.  

Сапасыз құрылыс қалай қабылданып кеткенін жауапты мамандардың өзі айта алмады. Ең сорақасы, қазір үйдің кепілдік мерзімі аяқталған. Бірақ құрылыс бөлімі мердігерді сотқа бермек.

«Төрт құрылыс алаңын, осы үйді қабылдап алған, қол қойған мердігер компаниямен әлі де сот істерін жүргіземіз. Мердігер компанияға ескерту жібереміз, одан кейін хабарласамыз», - деді қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Әбжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама