Әрбір дерекке жан-жақты тексеру жүргізіледі
Жамбыл облысында полицияның қалай жұмыс істейтінін тексергісі келген жасөспірімдердің ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық полиция қызметкерлері 112 нөміріне қоңырау шалып, көмекке мұқтаж екенін хабарлаған екі кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Жаңылыстыру үшін қоңырау шалған балалар өздерінің Ақтөбе қаласында екенін айтқан. Полицейлер әңгімелесу барысында оқушылардың полиция қызметкерлері қалай жұмыс істейтінін тексеру үшін әзіл ретінде қоңырау шалғанын анықтады.
Жалған ақпарат үшін жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы («Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру, 14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған іс-әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 30 АЕК (110 мың 760 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, – делінген хабарламада.
Жамбыл облысының полиция департаменті осындай әрбір дерекке жан-жақты тексеру жүргізілетінін ескертеді.