×

Жаңа министр өрт сөндірушілердің айлығы аз екенін мойындады

Министр 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстандағы өрт сөндірушілердің жалақысы аздап көтерілгенін еске салды

 Дәурен Ерболат 20.02.2024 | 13:31
фото: primeminister.kz

Қазақстандағы 18 мың өрт сөндірушінің жалақысын бір уақытта көтеру мүмкін емес. Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстандағы өрт сөндірушілердің жалақысы аздап көтерілгенін еске салды.

Қазір ең төменгі жалақыны өрт сөндірушілер арасында сержанттар алады – 180 мың теңге. Оның аз екенін мойындаймын. Бұл мәселе министрліктің бақылауында. Жалақыны көтеруге қадам жасап жатырмыз. Бүгінде Қазақстанда 18 мың өрт сөндіруші бар. Олардың жалақысын бір уақытта көтеру мүмкін емес. Біртіндеп әрекет етеміз, - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысынан соң.

Еске салайық, 6 ақпанда Қазақстан үкіметі ауысты. Әлихан Смайылов отставкаға кетіп, Олжас Бектенов премьер-министр болды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жетекшілік ететін министрлер кабинеті Нұрлан Байбазаров, Шыңғыс Әрінов, Мәди Такиев және Ақмарал Әлназарова дейтін жаңа есімдермен толықты.

Шыңғыс Әрінов жаңа үкіметтің құрамына кіріп, Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Ал бұған дейін ведомствоны 6 ай басқарған экс-министр Сырым Шәріпханов әзірге ешқандай қызметке барған жоқ. Алайда, экс-министр Сырым Шәріпхановқа ведомство тарапынан (ТЖМ – ред.) бірқатар ұсыныс жасалған екен.

Ол кісі назардан тыс қалған жоқ, басында сөйлестік. Әртүрлі ұсыныс болды. Бірақ ол қазір өзінің денсаулығын, отбасы жағдайын дұрыстап алған соң – бір ай ішінде шешім қабылдайды. Дегенмен біздің тараптан барлық ұсыныс жасалды, - деді Шыңғыс Әрінов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама