Антикор еріктілері мониторинг жүргізді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы сарапшыларды тарта отырып, әлеуметтік желілер мен азаматтардың шағымдарын зерттеп, мектеп асханаларында тегін тамақтануды қамтамасыз ету және ұйымдастыру тәртібіне №3,16,33 және 35 мектептерінде мониторинг жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мониторинг қорытындысымен мына мән-жайлар анықталды:
Осылайша, мектеп асханаларының қызметкерлері Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы №16 бұйрығымен бекітілген «Тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 5-тарауы 97-тармағының 3-тармақшасын, 7-тарауының 279-тармағын, 4-тарауының 49-тармағын бұзды. Сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестік сертификаты мен сәйкестік туралы декларацияның бірыңғай нысандары және оларды ресімдеу қағидалары туралы» қағидалардың 8-тармағы, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 25 желтоқсандағы №293 шешімі және Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №95 бұйрығымен бекітілген «Желдету және ауаны баптау жүйелерін дезинфекциялауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 3-тарауының 6-тармағы бұзылды, – делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар, қызметкерлер тағамдарды ұсыну және нан өнімдерін сату кезінде бекітілген өлшемдерді сақтамай келген. Мысалы, мәзірдің калькуляциясына сәйкес 60 грамм сүзбелі бәліш беріледі. Бірақ қызметкерлер оны көзбен өлшеп бөліп, таратады. Өнімді өлшеу кезінде оның салмағы 48-ден 62 граммға дейін өзгеретіні анықталды. Нан өнімдерін таратқанда да дәл осындай жағдай қайталанды. Айта кету керек, жалпы, кондитерлік және нан өнімдерінің бағасы облыстың барлық мектептерінде бірдей, бірақ салмағы әртүрлі. Мысалы, №33 мектепте 130 грамм пицца 250 теңге тұрады, ал №35 мектепте бұл ақшаға тек 100 грамм пицца сатып алуға болады.
Сонымен бірге мектептің ақпараттық ресурстарының мониторингі барысында Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығында көрсетілген талаптардың орындалмайтыны анықталды.
Мониторинг нәтижелері бойынша тиісті органдарға анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар жолданды.