Дайындық барысы «Көктем» оқу-жаттығу аясында тексерілген
Бүгінде су тасқынына қарсы 39 мың маман мен 18 тікұшақ дайын. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов министрге: «Шыңғыс Сайранұлы, егер (су тасқынына қатысты) ахуал күрт нашарлап кетсе, қандай шұғыл шаралар қабылдайсыздар? Жоспар бар ма? Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек», - деп нақты сұрақ қойды.
Шыңғыс Әрінов дайындық пысықталғанын атап өтті.
«Көктем» оқу-жаттығу аясында бәрі тексерілді. Жоспар бар. 39 мың адам, 11 мыңға жуық техника, 400-ден аса жүзу құралы, 18 тікұшақ және 3 мыңнан аса мотопомпа дайын. Мұның бәрі тез жұмылдырылады.
Сондай-ақ менің тарапымнан өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменті басшыларына тиісті құзырет берілген. Олар тез арада ешқандай бюрократиясыз, келісімсіз шешім қабылдай алады. Министрлік тарапынан тиісті координация іске асырылады», - деді ол.