«Samruk-Kazyna Construction» компаниясына кәсіпкерлерден шағым көп – Олжас Бектенов
Үкіметте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының бірыңғай операторының жұмысы жайлы сөз болды
Премьер-министр Олжас Бектенов «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына кәсіпкерлерден көп шағым түсіп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы есеп берді. Басқарма төрағасы компания жұмысында кемшіліктер барын мойындады. Алайда Олжас Бектенов оларды қабылдамады.
Нұрлан Қаршығаұлы, сіз баяндамыңызда жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту жұмысы кешіктіріліп жатқанын айттыңыз. Себебіне де тоқталдыңыз. Бірақ олар қабылданбайды. Жұмысты барынша тездетіп, барлық жұмыс мерзімінде аяқталуы керек, - деді премьер-министр.
Одан бөлек, Үкімет басшысы «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына кәсіпкерлерден көп шағым түсіп жатқанын жеткізді.
«Кәсіпкерлер тарапынан «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының жұмысына қатысты шағым көп түсіп жатыр. Маған "Құрылыс материалдарын, технологиялық жабдықтар мен жиһаздар сатып алу ісінде өзіміздің отандық өндірушілерді қатысуы бойынша шектеулер бар" деген ақпарат келіп жатыр. Бұл проблеманы шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатыр?», - деді Үкімет басшысы.
Нұрлан Жақыпов тиісті жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
«Біз «Атамекен»» ҰКП және әкімдіктермен тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Өңірлерде арнайы жиһаз комиссиялары құрылды. Бүгінде «Атамекен» ҰКП-ға және пассаттық материалдар тізбесі беріліп жатыр. «Атамекен» тараптарға сәйкес келетін отандық өндірушілердің тізімін қалыптастыруы керек. Оларды қолдау үшін қажет құралдар Үкімет қаулысы жобасын іске асыру кезінде қолданылады», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы.
Олжас Бектенов «Осындай кемшіліктерге жол берілмеуі керек. Ұлттық жобаға тек Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуымыз керек» деп тапсырма берді.