×

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша нысандардың жартысына жуығы ауылдарда бой көтереді

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған

 Динара Амантай 20.02.2024 | 10:57
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.

Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіреберіс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және т.б. ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда: ЖБО-ға қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және т.б.

Қазір министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтап жатыр. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынды. Педагогтер базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі әзірленуде, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Айта кетсек, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталды. Жоба 3 тетік арқылы іске асырылады. Атап айтқанда, бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде іске асырылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама