Жеңіл атлетикадан АЧ: Қазақстан 12 медаль жеңіп алды

Дастан Жұмабекұлы

Спортшылар елге 4 алтын, 2 күміс пен 6 қола жүлдемен келе жатыр

Фото: Иран жеңіл атлетика федерациясы

Иран Ислам Республикасының астанасы – Тегеран қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XI Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

Биылғы чемпионатта Қазақстан спортшылары 4 алтын, 2 күміс пен 6 қола жүлдені жеңіп алды.

Соңғы жарыс күні эстафетада (4х400 м) еліміздің ерлер (Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Ефим Тарасов, Вячеслав Земс) және әйелдер (Аделина Земс, Анна Шумило, Мария Шувалова, Кристина Кондрашова) құрамасы топ жарды. Оның алдында Елизавета Матвеева (биіктікке секіру) мен Давид Ефремов (60 м кедергілер арқылы жүгіру) чемпион атанды.

Иван Иванов (ядро лақтыру) пен Ольга Сафронова (60 м жүгіру) күміс жүлдеге ие болды.

Қола жүлдені Аяна Болатбекқызы (1 500 м жүгіру), Мария Ефремова (3 м қарғып секіру), Ақбаян Мұрмәмет (800 м жүгіру), Алина Чистякова (көпсайыс), Эфим Тарасов (400 м жүгіру) пен Максим Фроловский (3 мың м жүгіру) иеленді.

Максим Фроловский 3 мың метрге жүгіруде мәреге бесінші болып жетті. Алайда алдыңғы екі адам ереже бұзғандықтан, қола медаль отандасымызға берілді. Сондай-ақ Максим Фроловский 23 жасқа дейінгі санатта Қазақстан рекордын жасады (8:17.17).

Тегеранда елімізден барлығы 29 атлет ел намысын қорғады.

Былтыр жабық кешендегі Азия чемпионаты Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде болған еді. Ол кезде ұлттық құрама 6 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 2-орын алған.