Өзбекстандағы қазақ спортшысы елге оралды
Қазір Аман Қонысбеков Астанада ағасымен бірге тұрып жатыр
Бокстан 2023 жылғы Өзбекстан чемпионатының қола жүлдегері Аман Қонысбеков елге қоныс аударды, деп хабарлады BasSport.kz.
Шаршы алаңға 71 келіге дейінгі салмақта шығып жүрген қандасымыз Астана қаласына көшіп келді. Қазір осында туған ағасымен бірге тұрып жатыр. Ал бокстан жарыстарға Түркістан облысының атынан қатысады.
Қазір Аман Қонысбеков Алматыдағы оқу-жаттығу жиынында жүр. Ол жерде боксшы еліміздің ұлттық құрамасымен етене араласып кетті.
Былтыр Қонысбеков Өзбекстан чемпионатының жартылай финалында әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевпен қолғап түйістірген еді. Сол кезде 3 раунд қорытындысы бойынша Муйдинхужаев төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл айқаста Қонысбеков 1-раундта қарсыласын бір рет нокдаунға түсірген болатын.