Жарысқа 2006-2007 және 2008-2009 жылы туған қыздар қатысады
20-24 ақпан аралығында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы, Әуесқой және кәсіпқой бокс федерациясы мен «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығының ұйымдастыруымен бокстан Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ибраимовтың жүлдесіне арналған қыздар (жасөспірімдер мен жастар) арасында бокстан VI халықаралық турнир өтеді.
Турнир Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылында Бекзат Саттарханов көшесі, 105/1 мекенжайында орналасқан «Алматы» Олимпиялық даярлау орталығында болады.
Жарыс 20 ақпанда сағат 14:00-де салтанатты жағдайда ашылып, 14:30-да басталады.
Додаға 2006-2007 және 2008-2009 жылы туған қыздар қатысады. Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен еліміздің 200-ден астам мықты спортшылары қолғап түйістіреді. Олар 25 салмақ дәрежесінде – жасөспірімдер 13, жастар 12 салмақ дәрежесінде чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға шығады.
Халықаралық турнирдің негізгі мақсаты – шетелдердің бокс мектептерінің өкілдері арасында достық байланыс пен тәжірибе алмасуды нығайту, боксшыларға өз шеберлік деңгейін, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру.
Турнирде өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанғандарға Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағы беріледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі финалдық матчтардан кейін бірден 24 ақпанда өтеді деп жоспарланып отыр.