Үйден сыртқа шыққан 13 жастағы жеткіншек сол күйі хабар-ошарсыз кеткен
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 наурызда Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны полицияға қоңырау шалып, баласының жоғалып кеткенін жеткізген. Үйден сыртқа шыққан 13 жастағы жеткіншек сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Ата-анасы өз бетінше іздегенімен одан еш нәтиже шықпаған.
Жарма аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу баланы іздеуге жұмылдырылды. Оларға еріктілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қосылды. Бала баруы мүмкін деген жерлер, аулалар, үй шатырлары мен құдықтар тексерілді. Іздеу жұмыстары күндіз-түні жалғасты», - делінген департамент таратқан хабарламада.
Іздеу шараларының нәтижесінде, келесі күні таңертең 7-сынып оқушысы қаладағы қараусыз қалған үйлердің бірінен табылды.
Белгілі болғандай, бала жақындарымен жанжалдасып қалған. Кейін үйден кетіп, қаланың шетінде орналасқан иесіз үйлердің бірінде түнеген. Өз кезегінде ата-анасы баласын тауып берген полицейлерге ризашылыған білдірді.