×

Каспий теңізінің жағалауындағы заңсыз сатылған 3,4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Жергілікті атқарушы орган Жер кодексінің талаптарын бұзған

 Динара Амантай 19.02.2024 | 12:41
Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кендерлі құмқайыры деп аталатын учаске – шығанақтың оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын облыстың басты көрікті жерлерінің бірі.

2007 жылы жер учаскесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 млрд теңгеге сатылып, кейіннен «Гелиос» ЖШС-не 3,3 млрд теңгеге қайта сатылғаны анықталды. Талдаумен аталған жер учаскесі жергілікті атқарушы органмен Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды.

Атап айтқанда, жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды. Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылды (Жер Кодексінің 43-бабы). Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді, – делінген хабарламада.

Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бүгінде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 млрд теңгеден асады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама