Қызмет саласын таңдау мақсатында 13,8 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті
Биыл 1 ақпандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 62,5 мың адам қатысты. 52,8 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 19,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 33,4 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 1,8 мың адам, жастар практикасымен 1,2 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 27 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 788 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 8 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 2,6 мың адам жұмыспен қамтылды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 6,5 мың жұмыссыз қамтылып, оның 5,7 мыңы оқуды аяқтады.
Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 3,2 мың адам қамтылып, оның ішінде 1,6 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Қызмет саласын таңдау мақсатында 13,8 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Бұдан басқа, жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 млн 476 мың 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық 5 млн теңгеге дейінгі 5 мың 796 жеңілдетілген микронесие беру көзделген.