Министр Нагоя университетінің профессорын бірге жұмыс істеуге шақырды
Денсаулық сақтау министрлігінде Жапонияның Нагоя университетінің профессоры Эйко Ямамотомен кездесу болды. Осы кездесуде екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды, деп хабарлады ведомство.
Атап айтқанда, медицинадағы кадр мәселесі жан-жақты қаралды. Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Нагоя университетінің профессоры Эйко Ямамотоға өз ұсынысын айтты. Ол министрліктің жас дәрігерлер мен денсаулық сақтау менеджерлерін дайындау ісінде жапон мамандарымен әріптестікті нығайтуға дайын екенін айтты.
Біз Жапониямен және Күншығыс елінің Қазақстандағы елшілігімен бұрыннан келе жатқан достық қарым-қатынасты ескере отырып, сіздің тәжірибеңіз бен біліміңізді пайдаланғымыз келеді. Жас дәрігерлер мен денсаулық сақтау менеджерлерін даярлау ісінде әріптестіктің жаңа деңгейіне шығуға дайынбыз, – деді министр.
Профессор Эйко Ямамото денсаулық сақтаудың жас көшбасшылары бағдарламасының шеңберінде бір жылдық оқу бағдарламасы туралы айтты.
Бұл бағдарлама Азия елдері министрлігінің қызметшілеріне, соның ішінде Қазақстанға арналған магистратура мамандығына арналған. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Бағдарлама қоғамдық денсаулыққа бағытталған. Тек оқыту сегменті ғана емес, сонымен қатар Жапонияның денсаулық сақтау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және пәрменділігін көру үшін ауруханаларға, госпитальдарға, дәріханаларға және басқа да медициналық ұйымдарға бару сегменті де бар, – деді Ямамото.
Кездесуді қорытындылай келе, министр әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, пул – жастар кадрлық резерві құрылатынын атап өтті.