Конькимен жүгіруден ӘЧ: Алина Дауранова рекордты жаңартты

Дастан Жұмабекұлы

1 000 метрге 1 минут 15,24 секундта жүгіріп, мәреге жетті

Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Канаданың Калгари қаласында конькимен жүгіруден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасының спортшысы Алина Дауранова өзінің жеке рекордын жаңартты.

Алина Дауранова – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледждің 2-курс студенті. Ол 1 000 метрге жүгіру жарысында осы қашықтықты 1 минут 15,24 секундта жүгіріп, мәреге жетті.

Жалпы, осы дистанцияда Дауранова 13-орынды иеленіп, қалған өз командалық әріптестері арасында ең үздік нәтижеге жетті.

Былтыр ақпан айында Алина Дауранова 18 жасында Германияның Инцель қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының финалында алтын медаль жеңіп алды. Сонда ол 1 000 метр қашықтықты 1 минут 17,98 секундта жүгіріп, мәреге бірінші болып жеткен еді.