Жетісу облысындағы ұйғырша, орысша атаулар қазақшаға ауыстырылды
Талдықорғандағы кейбір көшелер мен шағын аудан атаулары да қалыпқа келтірілді
Жетісу облысында бірнеше елді мекендер мен көшелердің атауы өзгертілді. Бұл туралы жергілікті мәслихат депутаты Гүлназ Мұстафа Facebook-тегі парақшасына жазды.
Панфилов ауданындағы бұрын Пенжім (ұйғыр тілінен аударғанда, «бас ауыл» деген мағына білдіреді) деп аталып келген елді мекен Атамекен деп өзгертілді. Сонымен қатар, сол өңірдегі екі ауылға бұрынғы атауы (Лесновка ауылы – Талды, Әшім ауылы – Төңкеріс) қайтарылды.
Тұрғындардың пікірін ескере отырып, облыстық ономастикалық комиссия қорытындыға келіп, оның негізінде Жетісу әкімдігі қаулы шығарды, ал мәслихат шешім қабылдады, - деп түсіндірді Гүлназ Мұстафа.
Одан бөлек, Талдықорғандағы кейбір көшелер мен шағын аудан атаулары да қалыпқа келтірілді:
- 9-шағын аудан – «Құлагер»,
- 10-шағын аудан – «Әл-Фараби»,
- Ворошилов пен Невский көшелері Нұрғиса Тілендиев пен Әбділхақ Әбіхалық көшелері болып өзгерді.
Шайқорған, Балауыз елді мекендеріндегі бұған дейін санмен аталып келген көшелердің барлығына да қазақша жаңа атау берілді.