Навальныйдың денесі табылмай жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Оппозиционердің мәйіті жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен

Фото: Reuters

Ресей билігіне оппозицияда болған Алексей Навальныйдың денесі туған-туыстарына берілмей отыр. Оның анасы Людмила Навальная мен адвокаты Василий Дубков Ямал-Ненец автономиялы облысының орталығы Салехард қаласына барғанда саясаткердің денесі мәйітханада болмаған. Бұл туралы BBC хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, «Полярный волк» колониясында Алексей Навальныйдың анасы мен адвокатына оппозиционердің денесі Салехардтағы мәйітханаға жөнелтілген деп айтқан. Бірақ олар мәйітханаға барғанда ол жерден де жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен. Бұл колония Ямал-Ненец автономиялы облысындағы Харпе деревнясында орналасқан

Енді ресейлік оппозиционердің анасы баласының мәйтіне қолын тигізе алмай зар болып отыр.

Алексей Навальный 16 ақпанда Харпе деревнясындағы лагерьде қайтыс болған еді. Бір тәулік өткеннен кейін Навальныйдың анасы №13 «Поляр қасқыры» түзету колониясына ұшып келгенде оған ұлының қайтыс болғаны туралы куәлікті беріп, денесін бермей қойған. Әйелге ұлының мүрдесі қалалық мәйітханада деп сол жаққа жіберген. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, Навальныйдың денесі ол жерден де табылмаған.

Қазір Навальныйдың денесі қайда екені белгісіз.

Навальный қайтыс болғаннан кейін Ресейдің 30-дан астам қаласында оппозиционерді еске түсіру акцияларына қатысқан 350-ге жуық адам ұсталды.