Бұл алаң – MNU мен Сенаттың бірлескен жобалық кеңсесі
Кеше Maqsut Narikbayev University-де MIND (Maqsut Narikbayev Institute for Network and Development) қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
MIND талдау орталығы – ғылыми ой мен тәжірибені Think & do tank форматында біріктіретін алаң. Ол форматтың ерекшелігі – тек ұсыныстар беру емес, әрекет етуге бірегей мүмкіндік жасау.
MIND-тің ұстанымы – Орталық Азия мен жалпы әлемде тұрақты даму мақсатына жетуге ұмтылу және қолданбалы зерттеулер үшін сарапшыларды біріктіру. Сондай-ақ талдау орталығының құндылықтары жүргізіліп жатқан зерттеулердің тәуелсіздігінен, академиялық адалдықтан, ынтымақтастық пен серіктестіктен, ашықтықтан, қоғаммен байланыстан және нәтижелерге қол жеткізуден тұрады. Орталықтың мақсаты – тәуелсіз қолданбалы зерттеулер жүргізу, стратегиялық шешімдер қабылдау сапасын дамыту, кеңес беру, әріптестік орнату және MIND институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
MIND – бейтарап аналитика шығаратын тәуелсіз идеялар фабрикасы және ол Maqsut Narikbayev University профессорлық-оқытушылық құрамының әлеуетіне сүйенеді.
Айта кетсек, MIND орталығы – MNU мен Сенаттың бірлескен жобалық кеңсесі. Бұл халық пен бизнестің кең топтарының биліктің заң шығарушы тармағымен байланысын қамтамасыз етеді және өзекті заңнамалық бастамаларды әзірлеуге ықпалы зор.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек күрделі геосаяси, экономикалық және өңірлік жағдайларда сараптамамен жұмыс істеудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің MIND ғылыми-талдау орталығының жобалары мен бастамаларын қолдауға дайын екенін айтты.
Іс-шара аясында MIND-тің кейбір ғылыми зерттеулерінің нәтижелері таныстырылды және соңында ғылыми орталық бойынша экскурсия өткізілді. Оның барысында бірқатар халықаралық ұйыммен, мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік компаниялармен әріптестік келісімдер жасалды.
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев ғылыми орталықтың ашылуына келген барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Қазір университет оқытушылық бағыттан зерттеу бағытына көшуге арналған жаңа даму стратегиясын әзірледі,. Ал MIND қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығы – осы стратегияның ажырамас бөлігі, – деді ол.
MIND талдау орталығының жетекшісі Альтаир Ахметов құттықтау сөзінде қоғамды, бизнесті және мемлекеттік органдарды талқылауға және бірлескен шешімдерді әзірлеуге тарту арқылы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыратынын атап өтті.
Қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанатына Үкімет аппаратының, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің, жергілікті атқарушы органдардың, талдау орталықтарының, жоғары оқу орындарының және БАҚ өкілдері қатысты.