Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның азаматтығын алған спортшы сенсация жасады

Роттердамда теннисші Александр Шевченко әлемнің 7-ракеткасы, даниялық Хольгер Рунені жеңді

 Дастан Жұмабекұлы 16.02.2024 | 15:52
Қазақстанның азаматтығын алған спортшы сенсация жасады
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның екінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Шевченко Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты.

Ол екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, даниялық Хольгер Рунені жеңіп, сенсация жасады.

Бірінші партияда есеп 4:4 болған кезде Шевченко брейк жасай алды. Осылайша, бірінші сетте есеп 6:4 болып аяқталды. Екінші сетте Руне 6:1 есебімен есе қайтарды. Үшінші, шешуші партияда Шевченко тағы бір брейк жасап, матчта 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойын 1,5 сағаттан астам уақытқа созылды.

Енді Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен кездеседі. Оның алдында Шевченко қытайлық Чжан Чжичжэньмен кортқа шығып, оны да жеңген болатын.

Айта кетсек, Шевченко – Ресейден келген спортшы. Ол биыл Қазақстанның азаматтығын алды.

Тағы бір теннисші Дмитрий Попко АҚШ-тағы Палм-Коуст ITF турнирінің ширек финалына шықты. Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингте 1 238-орында тұрған америкалық Александер Разегиді 6:4, 6:4 есебімен жеңді.

Попко екінші айналымда тағы бір америкалық, рейтингте 781-орында тұрған Феликс Корвиннен дәл сондай есеппен айласын асырды. Енді ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 821-ракеткасы, АҚШ өкілі Аксель Нефвемен кездеседі. Қазақстан теннисшісі бір апта бұрын Санрайздағы дәл осындай додада жеңімпаз атанған еді. Сол кезде ол А.Нефвені 6:7 (9:11), 7:5, 6:2 есебімен жеңген болатын.

Михаил Кукушкин Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан челленджер жарысының жартылай финалына шықты. Қазақстан теннисшісі ширек финалда әлемнің 187-ракеткасы, иорданиялық Абедалла Шелбайхпен ойнады. Екі сет те 6:4, 6:4 есебі тіркеліп, Кукушкин жеңіске жетті. Келесі кезекте ол финалға шығу үшін әлемнің 129-ракеткасы, чехиялық Якуб Меншикпен кездеседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама