Оған әкімшілік жаза қолданылды
Ақмола облысында қала әкімінің орынбасары прокурордың талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қосшы қаласының прокуратурасының қатысуымен бюджеттік заңнаманы бұзу бойынша прокурордың ұсынуына уақтылы жауап бермегені және прокурорға оның қаралатын уақыты мен орны туралы хабарламағаны үшін әкімнің орынбасары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша 370 мың теңге айыппұл төлейтін болды.
«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес, прокурорлық қадағалау және ден қою актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті. Лауазымды тұлғаның прокурордың ұсынуын қараусыз қалдыруы не онда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы, сонымен қатар уақтылы жауап бермеуі (ӘҚБтК-нің 664-бабы) 8 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соғады. Сондай-ақ прокурордың қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабарламауы немесе уақтылы хабарламауы (ӘҚБтК-нің 666-бабы) 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соғады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Егер прокурорлық қадағалау актілерін орындамау азаматтардың немесе ұйымдардың құқығы мен заңды мүддесіне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесіне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша қудаланады.
Осыған ұқсас бұзушылық бойынша жергілікті атқарушы органның тағы 2 лауазымды адамы жауапқа тартылды.