Қорғаныс министрі Қонаев, Жетіген мен Алматы гарнизондарына барды
Руслан Жақсылықов әскери нысандардағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді
Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қонаев, Жетіген мен Алматы гарнизондарына барып, әскери инфрақұрылым нысандары мен алдағы оқу-жаттығуларға дайындық барысын тексерді.
Қонаев гарнизонының «Жағалау» полигонында Қорғаныс министрі Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының баяндамасын тыңдады. Генерал-майор Алмаз Жұмакеев ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен өтетін оқу-жаттығуға дайындық туралы баяндады.
Армия авиациясының тікұшағымен генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Шошқалы» полигонын айналып ұшып өтті.
Министр 65229 әскери бөліміне барып, онда әскери нысандарды аралап, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің авиациялық техникасы мен қару-жарағын ұстау шарттарымен танысты.
Осыдан кейін Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің филиалына аялдап, объектінің көлемін ұлғайту мен экспозициялық залдарды жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқан жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Ол музей бастығы Алуа Байқадамовамен кездесуде жұмыстарды сапалы және уақтылы орындау қажеттігіне назар аударды.
Сапар аясында ведомство басшысы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығына да ат басып тіреп, инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ұлттық контингентті БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияға жіберуге қатысты бірқатар нұсқаулар берді.
Алматы қаласындағы Орталық әскери емханаға барған кезде қорғаныс ведомствосының басшысы мекеменің емдеу-диагностикалық жабдықтармен, тиісті құралдармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етілуімен танысты. Министр бекітілген контингентке сапалы амбулаторлық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қажеттігін атап өтті.