Halyq Uni логотип
×

Әзербайжаннан қылмыстық топтың мүшесі экстрадицияланды (ВИДЕО)

Мемлекетке 633 млн теңге шығын келген

 Дәурен Ерболат 16.02.2024 | 09:20
Әзербайжаннан қылмыстық топтың мүшесі экстрадицияланды (ВИДЕО)
Скрин видео

Әзербайжаннан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі экстрадицияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратура Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің көмегімен трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысқаны үшін Әзербайжаннан Түркия азаматын экстрадициялады.

Ол 2020 жылғы шілде мен тамыз аралығында трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында Қазақстаннан 24 келіден аса алтынды контрабандалық жолмен әкетуге қатысқан деген күдікке ілінген. Салдарынан мемлекетке 633 млн теңгеден аса шығын келген. Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деп жазылған Бас прокуратура таратқан хабарламада.

Қылмыс жасағаннан кейін трансұлттық ұйымдасқан топтың қатысушылары тергеуден жасырынып, оларға халықаралық іздеу жарияланған.

2023 жылғы шілдеде күдікті Әзербайжанда ұсталды. Қазір ол Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп жазылған хабарламада.

Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 2022 жылғы маусымда Астана қаласының соты аталған трансұлттық ұйымдасқан топтың 14 мүшесін соттаған еді. Олардан мемлекет пайдасына шамамен 5 млрд теңге өндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама