Түркістан облысында қасқыр мен шибөрі қаптады
Тұрғындарының айтуынша, тоғайдың іргесіндегі ауылдарда шибөрілер емін-еркін жүретін болған
Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғындары шибөрі мен қасқырдың көбейіп кеткеніне шағымдануда. Ит-құстың ірілі-ұсақты малды қырып жатқаны былай тұрсын, тұрғындар балаларын сыртқа шығаруға қорқып отыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Сырдария өзенінің бойында қасқыр мен шибөрі қаптаған. Басқа жайылым жер жоқ болған соң жұрт малын амалсыз тоғайға жібереді. Бірақ кірген мал түгел қайтпайды екен. Жарты жылда 23 жылқысын жыртқыштарға жем қылған Рысбай Әбдіхалықов көктемде төл алуымыз екіталай деп отыр.
Төл ала алмаймыз. Малдың өзін таппай қаламыз деп тұрмыз, есептеп. Ол 6 айда 23 бастан кетсе, малдың өсіп-өнуіне еш мүмкіндік жоқ. Мал болғанда, жылқы ғой. Үлкенді-кішілі. Екі жасар мен сегіз айлық осы арада, - дейді Рысбай Әбдіхалықов.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, тоғайдың іргесіндегі ауылдарда шибөрілер емін-еркін жүретін болған. Жыртқыш аң тіпті ауладағы иттің асын жеп кететін көрінеді. Сондықтан қас қарая әжетханаға топтанып шығатынын айтқан тұрғындар, әсіресе, балаларына алаңдайды.
Бала-шағаны сыртқа шығару мүмкін емес. Шибөрінің адамға шабатыны бар. Кішкентай бала жалғыз жүрсе, қауіпті. Өйткені шибөрі жалғыз жүрмейді, топ-топ болып жүр. Ересек адамға да шабады, - дейді Нұрман Халықов.
Бірер күн бұрын ғана тұрғындар Көкмардан ауылындағы балабақшаның маңынан бір шибөріні жабылып жүріп өлтірген. Тіпті видеоға түсіріп әкімдікке де жолдапты.
Негізінен малмен күнелтіп отырған Отырар ауданының кей тұрғындары аңға талана берген соң, малының бәрін сатып жіберген.
Түнде де, күндіз де шибөрілер торуылдап жүр.ТТесік-тесікті қымтап қойдық. Малдан мал қоймайды, - дейді ауылдықтар.
Малы жыртқыштарға жем боп жатқан жұрт онымен күресе алмайтынын айтады. Себебі санаулы адамға ғана мылтық ұстауға рұқсат берілген. Оның өзінде тек екі-үш аңды атуға болады.
КТК тілшісінің мәлімдеуінше, ит-құстың көзін жоюшыларды мемлекеттік сатып алу арқылы ұтқызғалы шибөрі мен қасқыр қаптаған. Жыртқыштармен күресуге тиіс мамандар аң аулаумен емес, есеп жабумен әлек дейді. Мысалы, атып алған бір шибөріні бірнеше жерге сүйреп фотоға түсіріп, тендерін жауып отырғанын айтады.
«Үш жыл бұрын көрдім. Жолды білесің ғой деді, сөйтіп салып алды. Бір шибөріні атып алған, 4-5 жерге фотоға түсіріп, кетіп қалды, болды. Орман шаруашылығы жағында ұсталсаң, мысалы, 180 мың айыппұл. Жай ғана мылтықты атпай-ақ қабынан шығарсаң болды, айыппұл төлейсің», - дейді Ерғали Маханов.
Орман шаруашылығына жауаптылар жыртқыштарды жоюды тендерге салу бірнеше жыл бұрын болған деп отыр. Соңғы бірер жылда мылтық ұстауға рұқсатты автоматтандырылған арнайы база береді. Сол әуесқойлар болмаса, жыртқыштарды қыратын арнайы кәсіби мамандар жоқ деседі.
Биыл 856 шибөріге, 312 бас қасқырға рұқсат берілді. Жалпы рұқсат алған азамат саны 485 бас рұқсат алды. Былтырдан аз. Алайда бұндай жұмыс үш-төрт рет ұйымдастырылды, қасқыр мен шибөрі бойынша, - дейді Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумағы инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев.
Орман шаруашылығында есеп бойынша, оңтүстікте 800-ден астам қасқыр мен 14 мыңға жуық шибөрі бар екен. Ал оның санын азайту үшін бірер күнде рұқсаты бар аңшыларды жұмылдыру жұмысы басталмақ.