Halyq Uni логотип
×

Атырауда ревизорлар басшысының үстінен ұжымдық арыз жазды

Қазір хат мазмұнын облыстық прокуратура тексеруде

 Халық үні 27.12.2021 | 09:06
Атырауда ревизорлар басшысының үстінен ұжымдық арыз жазды
Равиль Төлебаев, фото: azh.kz

Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының бір топ қызметкері өз басшыcы - 39 жастағы комиссия төрағасы Равиль Төлебаевқа (суретте) қарсы ұжымдық арыз жазып, арнайы органдарға жолдады.

1 желтоқсан күні хат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына, ҚР бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетовке, ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша есеп комитетінің төрағасы Наталья Годуноваға жолданды.

Тексеру комиссиясының қызметкерлері өз хатында Төлебаевтың тарапынан болған заңбұзушылық фактілерін жазып, оларды дұрыстап тексеріп, сәйкесінше шаралар қолдануды сұрайды. Олар бірнеше мәрте қол астындағылардан ақша жинау, бюджет қаржысын пайдасыз жұмсау, қызметкерлерге тіл тигізу, заңсыз тексерістерге мәжбүрлеу, демалыс күндері мәжбүрлі жұмысқа шақыру болғанын тізіп айтады.

Мысалы, биыл 12 қарашада қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында басшылық аппаратының 5 мүшесінің есепшотына сыйақы аударылған, кейін оның 10% басшылық қайта жинап алған. Сонымен қатар аса қажет болмаса да, 249 991 теңгеге кофемашина, 279 990 теңгеге электрлік кофе қайнатқыш, 92 440 теңгеге қысқа толқынды пеш пен ауа ылғалдандырғыш, 180 000 теңгеге кілем сатып алынған. Сонымен қатар, хат авторларының айтуынша, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қызмет көлігін жылтыратып бояуға және шудан оқшаулау үшін 672 мың теңгеге келісімшарт жасақталған – бұл да қажеттілігі жоқ шығын.

Хатқа қол қоюшылар өз есімін атамауды өтінген. Дегенмен, олар хатқа қол қойған. Қазір хат мазмұнын облыстық прокуратура тексеруде.

Равиль Төлебаевтың өзі azh.kz тілшілерімен телефон арқылы сөйлескенде қол астындағылардың ұжымдық хаты мен прокурорлық тексеріс туралы білетінін, дегенмен, тексеріс аяқталғанға дейін ешқандай түсінік бермейтінін айтқан.

Еске салайық, Р.Төлебаев Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы болып биыл 29 қыркүйекте сайланды. Оған дейін Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» естелік медалімен марапатталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама