×

Сенат ауыл тұрғындарына қатысы бар заңды мақұлдады

Ауыл әкімдеріне жаңа құзырет беріледі

 Дәурен Ерболат 15.02.2024 | 15:51
фото: elana.kz

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор Сәкен Арубаев заң депутаттардың бастамашылығымен әзірленгенін айтты.

Негізгі ережелері төмендегідей:

Біріншіден, Жер кодексіне енгізілген өзгерістер.

  • Облыстағы жергілікті атқарушы органдар жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес, жайылымдарды суландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұл іс-шараларды іске асыру төмен тұрған деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға бекітілді.
  • Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру жайылымдардың одан әрі тозуын және шөлейттенуін болдырмауға мүмкіндік береді және тозған жерлерді қалпына келтіруге, оларды ұтымды пайдалануға, жер ресурстарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
  • Қолданыстағы кодекске сәйкес, жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының 20%-ынан аз болса, артық жайылым мемлекетке қайтарылуға жатады.
  • Ұсынылған заң бойынша түсетін жүктеме нормасы 50%-дан аз болған жағдайда артық жайылым қайтарылады. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ бұл жайылымдардың жетіспеушілігін азайтады.
  • Қолданыстағы Жер кодексінің 36-бабында шалғайдағы ауыл халқын жайылыммен қамту үшін конкурссыз 5 жылға тікелей беру туралы норма қазіргі заңнан мүлде алынып тасталады. Бұл ретте шөп шабу үшін жер учаскелерін беру тәртібі өзгермеді.

Екіншіден, Орман кодексіне де өзгерістер енгізілген.

Заңмен орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына шөп шабу және мал жаю мүмкін болатын мемлекеттік орман қорының учаскелері туралы мәліметтер беруге міндеттейтін түзету енгізілген. Аталған түзету орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, - деді Сәкен Арубаев.

Үшіншіден, депутат «Жайылымдар туралы» заңға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталды.

«Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» туралы жаңа ұғым енгізілді. Қоғамдық жайылымдар елді мекендердің іргелес аумағында орналасады және мал жаю бойынша жергілікті халықтың қажетін қанағаттандыруға арналған. Оларды ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Сондай-ақ олар жеке меншікке және жерді пайдалануға берілмейді, тек халықтың мал жаю қажеті үшін пайдаланылады», - деді сенатор.

Сондай-ақ заңда «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» көлемін ұлғайту үшін ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазір олар аудандық атқарушы органның құзыретінде.

Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету. Жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5 жылға арналып жасалады, - деді Сәкен Арубаев. 

Депутат қаралып отырған заңның қабылдануы ауылдық жерлерде ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған ауыл тұрғындарының малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама