Бір адам қаза тауып, 22 адам зардап шекті
АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында футболдан Super Bowl лигасы жеңімпаз командасының құрметіне өткен шеруде атыс болды. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 22 адам зардап шекті. Соның ішінде кемінде 9 адам жарақат алды, деп хабарлады CNN.
Атыс Юнион Стэйшн вокзалының жанында болды. Бір адамның қаза тапқаны расталды. Оқтан зардап шеккендердің жалпы саны 22-ге жетті, – деді қалалық полиция басшысы Стейси Грейвс.
Gun Violence Archive ұйымның мәліметіне сілтеме жасаған телеарнаның хабарлауынша, зардап шеккендердің арасында 8 бала бар. Бұл – жыл басынан бері АҚШ-та болған 48-атыс.
Канзас-Сити қаласындағы атыстың себебі анықталып жатыр. Полиция басшысы Грейвстің айтуынша, 3 адам қамауға алынған.
Парад Ұлттық футбол лигасының (Super Bowl) жеңімпазы «Канзас-Сити Чифс» клубының құрметіне ұйымдастырылған болатын. Бұл команда Лас-Вегас қаласында болған Ұлттық футбол лигасының финалында «Сан-Франциско Форти Найнерс» клубын 25:22 есебімен жеңген.