×

Павлодар облысында да көтерем жылқылар далада үйелеп қалып жатыр

Қырдағы малды қырып алмау үшін аудандарда жедел штабтар құрылған

 Еркеғали Болатұлы 15.02.2024 | 14:10
фото: youtube.com

Павлодар өңірінде күн күрт жылып, оның үстіне жаңбыр жауғандықтан дала көк мұзға айналды. Бұл туралы qazaqstan.tv хабарлады.

Қазір Ақтоғай ауданы мен Екібастұз қаласына қарасты аумақтарда тебіндей алмай ашыққан жылқының алды құлай бастаған. Тайғанақтап жүре алмай қалған жануарларды иелері тіркемеге трактормен көтеріп тиеуге мәжбүр.

Болжамға қарағанда, бүгіннен бастап өңірде күн күрт суытып, боран соғады. Сондықтан қырдағы малды қырып алмау үшін аудандарда жедел штабтар құрылған.

Мұз басып кеткен қысқы жайылымдар бар. Жүдеген жабағы, тай мен күйін жоғалтқан жылқыларды иелері қораға қамап жатыр. Жем-шөппен көмектесеміз. Екібастұздың Ақкөл ауылдық округының тұрғындары бізге тікелей шығып, көмек сұрады. Ертең 30 тонна бидай мен арпа жармасын соларға жібереміз, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақмола облысында жылқылардың аштан өліп жатқанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама