Құрғақшылық: Торғай даласындағы екі көл кеуіп бара жатыр
Енді бұл қос көлді сақтап қалуға жергілікті билік дәрменсіз
«Хабар» телеарнасы Торғайда өзен суларының көлдерге жетпей жатқанын хабарлады. Халық су тапшылығының экожүйеге, мал шаруашылығына кері әсерін тигізгенін қатты сезінген.
Кезінде Жангелдин ауданындағы Жаркөл мен Татыркөл Қызыл кітапқа енген аң-құстар мен балықтарға бай болатын. Қазір олардың ізі де көрінбейді. Жергілікті тұрғындар Жаркөлдің бұрынғы ізін көрсетіп жатыр. Олардың айтуынша, су айдыны соңғы 25 жылда 70 пайыз құрғап қалған.
Жоғары жақтан келетін сулар жан-жаққа бөлініп кетіп жатыр. Үкіметтен ақша бөлініп, Қызбел жағынан су келетін бөгеттердің бәрін жөндесе екен, - дейді Жаркөл ауылының тұрғыны Жұмабек Нұғыманов.
Ал көрші Татыркөлге кезінде бір емес, бес бірдей өзен суы құятын. Енді міне, құрғақшылықтан жер сорланып, экологиялық жағдай күрделеніп барады.
«Бір айдан кейін мынаның бәрі сор, тұз болады да, желді күндері түгел көтеріліп, ауылды басады. Осыған су түссе, жергілікті халық осыдан өзіне керек балығын аулап, артығын Үкіметке тапсыратын еді.
1980 жылы Аралдан балықшылар келіп, осы жерден кәдімгідей балық аулаған, - дейді Жаркөл ауылының тағы бір тұрғыны Меңдібай Әбдібаев.
Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Жұрт содан малына азық жинады. Ал қазір айналада төрт түлікке беретін шөп те қалмаған. Небәрі 7 жылдың ішінде Татыркөлдің арнасы тартылып, түбі кеуіп қалып отыр. Бұрын бұл су айдынының ұзындығы – 20, ал ені 8 шақырымға дейін жететін. Енді бұл қос көлді сақтап қалуға жергілікті билік дәрменсіз.
Татырдың құрғап тұрғаны – табиғи фактор. Осыған дейін де құрғады. Бір жылдары толды. Ол толғаннан кейін су екі-үш жылға дейін тұратын. Ал оны басқаша толтыру мәселесі бұған дейін қаралған жоқ, - дейді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Ал «Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы» РММ бөлім басшысы Ирина Никоненконың айтуынша, аймақта 2008 жылдан бері су қоры азайып барады. Татыркөл мен Жаркөлге құятын өзендерден соңғы жылдары көктемгі су тасқыны кезінде жеткілікті көлемде су келмеген. Қыста да онша қар болмапты.
Су айдындарын сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар облыс әкімдігі мен экология министрлігіне хат жолдаған. Алайда ол жақтан мардымды жауап ала алмаған. Енді Үкіметке шығып отыр.