Halyq Uni логотип
×

Олимпиадаға 90 лицензияны алуға күш саламыз – Елсияр Қанағатов (ВИДЕО)

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Көшпенділер ойындарын лайықты деңгейде өткізуді тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 15.02.2024 | 10:56
Олимпиадаға 90 лицензияны алуға күш саламыз – Елсияр Қанағатов (ВИДЕО)
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігінде дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп жатыр. Оған премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысуда.

Жиынды ведомство басшысы Ермек Маржықпаев ашып, министрліктің былтыр атқарған жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтып берді. Ол ел абыройын асқақтатар елеулі саланы дамыту, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру – әрқайсымыздың борышымыз екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз, бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деген болатын. Сонымен бірге спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екеніне баса назар аударып, саланың стратегиялық дамуының басым бағыттарын белгілеп берді.

Министрлік алдында бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады. Осы ретте, Канвонда Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы өткенін білесіздер. Қазақстан құрамасы Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді тарихи жүлделерімен қуантты.

Отандастарымыз 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Мұндай жеңістер үздіксіз дайындық пен қолдаудың арқасында келеді. Бұл ретте, былтыр біз саланың стратегиялық даму бағдарын айқындап, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық, – деді Ермек Маржықпаев.

Одан кейін баяндамашы Олимпиадаға даярлық барысында спорттық медицина мен тамақтануды қамтамасыз ету, спортшыларды даярлаудың заманауи инфрақұрылымын құру маңызды мәселе екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, әртүрлі спорт түрлерінен ұлттық құрама спортшыларын даярлаудың тиімділігін арттыруға бағытталған Кешенді ғылыми топтың жұмысы да аса қажет. Спорт дәрігері, реабилитолог, нутрициолог, травматолог сияқты мамандарды шоғырландыру шараларын қолға алу қажет. Физикалық жаттығумен бірге, спортшыларды даярлаудың медициналық-биологиялық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуі, кешенді тексерулері де маңызды мәселелер, – деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге министр осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу екенін, оған әлемнің 100-ден астам елінен делегация келетінін атап көрсетті.  Оның айтуынша, Ойындарда спорттық ойындармен бірге мәдени және ғылыми бағдарлама да кеңінен ұсынылады. Жарыста ел құрамасының жақсы өнер көрсетуі үшін барынша жағдайлар жасауымыз қажет.

Сол себепті өңірлердегі дене шынықтыру және спорт басқармалары басшыларынан ұлттық спорт түрлерін дамыту жұмысын жандандыруды сұраймын, – деді министр.

Алқа мәжілісінде Ермек Маржықпаев ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу  мәселесіне де тоқталып өтті.

Ойын бизнесі субъектілерімен белсенді жұмыс жүргізілуде, заңсыз ойын автоматтарының залдары жабылуда. Мәселен, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн-казино, заңсыз букмекерлік кеңсе сипаттындағы немесе оларды жарнамалаушы  4,5 мың интернет-ресурстар мен сілтемелер блокталды. Бұдан бөлек Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде чат-бот іске қосылған. Ол арқылы азаматтар ойын бизнесі және лотерея субъектілерінің қызметіндегі бұзушылықтар туралы хабарлай алады. Бүгінгі таңда келіп түскен 150-ден астам өтініш қаралуда, – деді ол.

Келесі кезекте Олимпиялық ойындарға дайындық жөніндегі штабтың басшысы Елсияр Қанағатов төрт жылда бір келетін дүрмекті дода мен Паралимпиадаға дайындық туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдау кезіндегі президенттің тапсырмасын орындау үшін Туризм және спорт министрінің бұйрығымен қысқы жаспөспірімдер Олимпиадасына және жазғы Олимпиада, Паралимпиада ойындарына дайындық мәселелерін үйлестіру үшін Спортты дамыту дирекциясының, Ұлттық Олимпиада комитетінің және федерациялардың білікті мамандарымен жасақталған арнайы штаб құрылды. Қазіргі таңда штаб өзінің жұмысын  жоспар бойынша атқаруда.

Штабтың жұмысы жасөспірімдер Олимпиадасына дайындық мәселерінен ұйымдаструынан басталды. Осы кешенді жарысқа қатысу бойынша министрліктің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, федерациялардың қолдауымен барлық жағдай жасалды. Соның арқасында біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп қазақ елін жақсы жағынан дүние жүзіне таныта білді. Қазіргі таңда штаб Париж қаласында өтетін 2024 жылғы XXХIII жазғы Олимпиада, XVII Паралимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды даярлауды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын атқарып жатыр.

Мәжілісте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға баса назар аударылды. Осы Ойындарға дайындық туралы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу дирекциясы директорының орынбасары Абылай Қондыбаев баяндама жасады.

Жиында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Олимпиадаға жоспарланған 90 лицензияны жеңіп алуға бар күш салу керектігін айтып, Көшпенділер ойындарын лайықты деңгейде өткізуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама