×

Тоқаев Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен неге алып тастағанын түсіндірді

Президент Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйледі

 Халық үні 14.02.2024 | 21:29
Фото: Ақорда

Президент Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.

Президенттің пайымдауынша, Қатармен көпжақты серіктестіктің орнықты дамуы өңірдегі, әсіресе, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. 

«Қазақстан БҰҰ арналары және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Ауғанстанға көмек көрсетіп келеді. Аталған елмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастады. Бұл қадам, сондай-ақ еліміздің Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы Ауғанстанның әлемдік қоғамдастыққа қосылуына септігін тигізеді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл ауған халқына гуманитарлық қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Орталық Азия қазір өз тарихындағы бетбұрыс кезеңін өткеріп жатыр. Өңірдегі саяси және экономикалық байланыстар едәуір жандана түсті.

«Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз. Ежелгі заманнан бері өркениеттердің дамуында маңызды рөл атқарған бұл өлке қазір де, келешекте де бірегей мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте біз Қатармен кең ауқымды серіктестікті дамытуға ерекше мән береміз. Былтыр Жидда қаласында өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммиті елдеріміздің өңірішілік ынтымақтастықты дамытуға ұмтылатынын көрсетті. Жоғары деңгейдегі осы кездесудің нәтижелері саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі күшейтіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы тұрақты даму талпыныстарын қолдауға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік Кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде серіктестіктерімен және бақылаушыларымен, соның ішінде Қатармен диалог жөніндегі ықпалдастықты жандандыра түсуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама