Halyq Uni логотип
×

Петропавл жылу электр орталығындағы түтін мұржасы толық бұзылатын болды

Сараптама қорытындысы оны қайта қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсеткен

 Самат Жақып 27.05.2022 | 16:55
Петропавл жылу электр орталығындағы түтін мұржасы толық бұзылатын болды
фото: Halyq Uni

Петропавлда ЖЭО-ның жартылай құлаған түтін мұржасы толығымен бұзылатын болды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Екі айдан астам уақытқа созылған сараптама қорытындысы оны қалыпқа келтіру мүмкін еместігін көрсеткен. 

«Қайта көтеріп тұрғызуға жарамайды. Стратегиялық нысан 1961 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әбден ескірген. Қазір ЖЭО-дағы 11 қазандықты қалған екі мұржаға қосу үшін қажетті техникалық шешімдер қарастырылып жатыр. Негізінен, қыста қаланы тиісті деңгейде жылыту үшін 9 қазандық жұмыс істеп тұруы керек. Ал күн суытқан кезде 10-ға жеткізіп, тағы біреуі резервте болуы шарт. Қаражат бар. Орталықты инвесторлар толықтай өз ақшасына жөндейді. Ол шамамен - 17,5 млрд теңге. Ал тарифті әзір өсірмейміз. Тұрғындар негізінен осы мәселеге алаңдаған еді. 587 тонна болатын мұржа керек болған. Ол табылды. Ал қазандықтарды Петропавл, Теміртау және Екібастұзда бөлек-бөлек жөндейміз. Бұған дейін біз оларды 3-4 жылда қайта қалпына келтіреміз деп ойлаған едік. Енді бұл шаруаларды кейінге қалдыруға болмайды», - деді Ақсақалов.

20 наурызда Петропавлдағы жылу электр орталығында биіктігі 150 метр болатын №1 мұржаның 60 метрі опырылып түскен еді. Төтенше жағдай кезінде 1984 жылғы машинист-қараушы әйел үйінді астында қалып, мерт болды. Аталған фактіге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, Петропавл жылу электр орталығының директоры мен инженерін және «СевКазЭнерго» АҚ бас директорын қамауға алды. Материалдар әлі тергеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама