Отбасының цифрлық картасы халықаралық байқауда үздік жоба атанды

Динара Амантай

Бұл конкурс бүкіл әлемнің үздік инновациялық және шығармашылық шешімдері мен жетістіктерін тануға бағытталған

Фото: Halyq Uni

Отбасының цифрлық картасы Біріккен Араб Әмірліктері ұйымдастырған GovTech Prize 2024 салтанатында «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында үздік жоба болып танылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл конкурс бүкіл әлемнің үздік инновациялық және шығармашылық шешімдері мен жетістіктерін тануға бағытталған.

Атаулы сыйлықты тапсыру үшін халықтың өмір сүру сапасын арттыру бөлігінде өзекті мәселелерді шешуге және үкіметтік тәжірибені кеңейтуге бағытталған мемлекеттік жобалар іріктеледі.

ОЦК – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен жобасы. Ол мемлекеттік қолдау шараларын проактивті түрде көрсету үшін азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайды. Отбасылардың әл-ауқат санаттары 100-ден астам критерийлер негізінде қалыптасады.

Еске сала кетсек, ОЦК енгізудің нәтижесінде 2023 жылы 844 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте 333 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды.

Ал биыл 78 мыңнан астам адамға SMS жолданып, оның 31 мыңға жуығы жәрдемақы немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды.

Қазір ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.