×

Елімізге педофилдер мен лаңкестер кіргізілмейді: Мәжіліс заң жобасын қабылдады

Заң жобасы Сенатқа жіберілді

 Дәурен Ерболат 14.02.2024 | 11:30
фото: egemen.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған құжат бір топ депутатпен «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жетілдіру және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру үшін әзірленді, - деді депутат Магеррам Маггерамов. 

Заң жобасында мына ережелер көрсетілген:

  • Көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды іске асыру тәртібін айқындау; 
  • Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге елімізге кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу;
  • Экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу;
  • Төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеу.

Депутаттың айтуынша, жоғарыда аталған жаңалықтарды іске асыру заңнамада бар олқылықтарды жояды, көші-қонды неғұрлым тиімді бақылауды қамтамасыз етеді және халықты құжаттандыру рәсімдерін жақсартады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар оған мынадай бірқатар түзету енгізген:

  • «Қандас» мәртебесін беру, сондай-ақ Қазақстанның азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтіру рәсімін жетілдіруге;
  • Қабылдаушы өңірлерде қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеліктен шығару құқығынсыз конкурстан тыс тәртіппен алуға және қолданыстағы заңнамада белгіленген ең төменгі мөлшерден аспайтын көлемде қолайлы жағдай жасауға;
  • «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға төленетін, көшуге, тұрғын үй жалдау және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге арналған мемлекеттік субсидияларды қорғауды қамтамасыз етуге; 
  • Еңбек ететін көшіп-қонушыларға 1 айдан 12 айға дейін еңбек ету рұқсатын алуға мүмкіндік беруге және басқа да түзетулерге байланысты түзетулер енгізілді.

«Сондай-ақ заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде оның бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын Қазақстанның басқа заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді», - деді Магеррам Маггерамов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама