Елімізге педофилдер мен лаңкестер кіргізілмейді: Мәжіліс заң жобасын қабылдады
Заң жобасы Сенатқа жіберілді
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Аталған құжат бір топ депутатпен «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жетілдіру және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру үшін әзірленді, - деді депутат Магеррам Маггерамов.
Заң жобасында мына ережелер көрсетілген:
- Көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды іске асыру тәртібін айқындау;
- Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге елімізге кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу;
- Экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу;
- Төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеу.
Депутаттың айтуынша, жоғарыда аталған жаңалықтарды іске асыру заңнамада бар олқылықтарды жояды, көші-қонды неғұрлым тиімді бақылауды қамтамасыз етеді және халықты құжаттандыру рәсімдерін жақсартады.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар оған мынадай бірқатар түзету енгізген:
- «Қандас» мәртебесін беру, сондай-ақ Қазақстанның азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтіру рәсімін жетілдіруге;
- Қабылдаушы өңірлерде қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеліктен шығару құқығынсыз конкурстан тыс тәртіппен алуға және қолданыстағы заңнамада белгіленген ең төменгі мөлшерден аспайтын көлемде қолайлы жағдай жасауға;
- «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға төленетін, көшуге, тұрғын үй жалдау және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге арналған мемлекеттік субсидияларды қорғауды қамтамасыз етуге;
- Еңбек ететін көшіп-қонушыларға 1 айдан 12 айға дейін еңбек ету рұқсатын алуға мүмкіндік беруге және басқа да түзетулерге байланысты түзетулер енгізілді.
«Сондай-ақ заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде оның бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын Қазақстанның басқа заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді», - деді Магеррам Маггерамов.