Олимпиадаға дайындық ойдағыдай – жедел штаб
Биыл жазғы Олимпиада ойындарының жалауы 33 рет көтеріледі
4 жылда бір өтетін дүбірлі дода Францияның астанасы – Париж қаласында 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Париждегі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының 19 лицензиясы бар. Спортшылар садақ атудан – 4, велошосседен – 3, нысана көздеуден – 5, қазіргі бессайыс пен бокстан екі-екіден, грек-рим күресі, еркін күрес пен спорттық гимнастикадан бір-бір лицензияны жеңіп алды.
Олимпиадаға лицензия алған спортшылар оған дайындықты жан-жақты бастап кетті, ал әлі жолдама алмаған отандастарымыз жазға дейін халықаралық турнирлер мен құрлықтық чемпионаттарға қатысып, лицензия алуға күш сынасады. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Олимпиада ойындарына дейін 69 лицензиялық жарыс қалды. Оның ішінде 5 әлем чемпионаты, 7 Азия чемпионаты мен 57 рейтинг турнирі бар.Олимпиадаға жолдама беретін жарыстың бірі жақын арада бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтеді. Бұл сынға 114 елден 668 спортшы қатысады. Оған ұлттық құраманы бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бастап барады.
Жақында Астанада Туризм және спорт министрлігі жанынан спортшылардың халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, Олимпиадаға мүмкіндігінше көп лицензия алуына жағдай жасау үшін жедел штаб құрылды. Штабтың басшысы қызметіне Елсияр Қанағатов, ал оның орынбасары болып Диас Ахметшәріп тағайындалды. Бүгін біз министрліктің жанынан құрылған осынау штабтың жұмысы мен қызметімен танысып, штаб басшысының орынбасары Диас Ахметшәріппен сұхбаттастық.
– Диас Советқалиұлы, биыл Олимпиада жылы болып отыр. Оның біріншісі жақында Корея Республикасының Канвон провинциясындағы Каннын қаласында болды. Онда Азия құрлығында жасөспірімдердің алғашқы Ақ Олимпиадасы жалау көтерді. Екінші тағы бір үлкен Олимпиада жазда Францияның Париж қаласында болады. Штабтың жұмысы қалай басталды?
– Былтыр Қытайдың Хуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарынан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдаған кезде Туризм және спорт министрлігіне тапсырма берген еді. Ол ең алдымен спортты басқару институттарының басын біріктіруді тапсырма берді. Яғни, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен спорт түрлері федерацияларының басын қосып, бірге жұмыс істеуді тапсырды. Бұл дегеніміз бір жағадан бас, бір жеңген қол шығарып жұмыс істеу деген сөз. Президенттің тапсырмасын орындау үшін министрлік 4 қаңтарда ресми түрде штабтың тұсауын кесті. Штаб Астанадағы Жекпе-жек сарайында ашылды. Ол 150 шаршы метрді алып жатыр. Сол күні штаб өз жұмысын бастады. Канвонға баратын спортшылар осы штабтан аттанды. Ту ұстаушылар мен басқа да спортшылар ант беріп, олимпиадашыларды шығарып салдық.
– Штабқа неше адам қызметке алынды? Олардың міндеті қандай?
– Штабта 6 адам бар. Оның басшысы – Елсияр Қанағатов. Штабқа Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен спорт түрлері федерациясының өкілдері кіреді. Сонымен бірге оған бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те мүше. Әрқайсының өз міндеті бар. Әркім өз жұмысымен айналысады.
Штаб – Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларының Олимпиадаға бірігіп жұмыс істеу үшін құрылған уәкілетті орган. Оның негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға жақсы дайындығын қамтамасыз ету.
Басты мақсатымыз – алдағы Олимпиялық ойындарға барша спортшылар мен ұлттық құрамалардың жұмысын үйлестіріп, барлық мәселе бойынша ортақ шешім қабылдау. Штаб барлық кешенді жарыс аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейді.
– Штабтың техникалық жарақтануы қалай? Спортшылар штабтың жұмысын қалай бағалап жатыр? Канвон Олимпиадасы кезінде қандай жұмыс істелінді?
– Штабта керек-жарақтың бәрі бар. Бірыңғай қоңырау орталығы да жұмыс істейді. Біз штаб ашылғаннан кейін қаңтарда алдымен Кореяның Канвон провинциясында жасөспірімдер арасында өткен Олимпиадаға дайындалдық. Штаб өз жұмысын көрсетті.
Олимпиададан жан-жақты ақпарат тараттық. Одан кейін аккредитация мәселесімен айналыстық. Спортшылар киімдерді штабтан алды. Барлық үйлестіру жұмыстарын өткіздік.
Сонымен қатар Канвонның алдында біз Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесу ұйымдастырдық. Онымен келіссөз жүргіздік. Елші бізге Канвон Олимпиадасының бойтұмарын сыйлады. Сөйтіп, екіжақты келіссөзден кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Кореяға барған кезде сол елдің спорт министрімен кездесті.
Енді Париж Олимпиадасына тікелей дайындық басталып кетті.
– Өткен Олимпиадалардың қарсаңында құрылған штабтардан қазір сіздер жұмыс істейтін штабтың айырмашылығы, ерекшелігі бар ма?
– Жалпы бұрын Олимпиадаға алдында мұндай орталықтандырылған штаб болмаған еді. Бұған дейін министрлік өзіне тиесілі мәселемен айналысып, соған жауап беретін. Ұлттық Олимпиада комитеті өзіне жүктелген міндеттермен айналысатын.
Спорт түрлері федерациялары да солай өз жұмыстарын атқара беретін. Ал енді биыл президенттің тапсырмасымен құрылған штаб баршамызға жұмысты жеңілдетеді деген ойдамыз. Жұмысты жеңілдетуді Канвон Олимпиадасы да көрсетті. Енді алдағы Париж Олимпиадасына да осы штабтың пайдасы да көмегі де тиеді деп ойлаймын. Басты айырмашылығы осы. Бұрын мұндай орталықтандырылған штаб болмаған.
– Былтыр Азия ойындары кезінде спортшылардың киімдеріне қатысты дау шыққан еді. Биылғы Париж Олимпиадасына спортшылардың киімдерін кім тігеді?
– Киім үлгісіне келетін болсақ, спорттық эпикировка өздеріңіз көргендей, Канвон Олимпиадасына спортшылар мен делегация мүшелеріне жақсы киім-кешек бердік. Киімді отандық өндіруші тікті. Сонымен бірге біз балаларымызға ұлттық нышанда тақия кигіздік. Оны бәрі ескерілді еленді. Ұлттық сипаттағы киімдеріміз бәрін тәнті етті. Олимпиадада жүргенде жасөспірім спортшыларымызбен бәрі суретке түсті. Өте бір көрікті, көзге түсетіндей әдемі форма болып шықты. Спортшыларымыздың сыртқы киімі де көк байрағымыз түстес болып, көпшіліктің көңілін жаулап алды. Киім өте сапалы болды.
Штабта спортшыларға киімдерге алдын ала тапсырылыс берілді. Егер киімдері сыймай немесе тар болған кезде біз бәрін уақытында ауыстырып беріп отырдық. Сөйтіп, споршыларымыз Олимпиалдаға тап-тиянақты дайын болып шықты.
Париж Олимпиадасына да солай жұмыс істейміз. Қазір спортшылардың киімдерінің ережесіне қатысты заң жобасы дайындалып жатыр. Дизайн бекітіледі. Сосын оны тігетін компания анықталады. Оған ашық конкурс жарияланады. Ол жақын арада шешілетін мәселе. Қазір осының бәрі зерттеліп, заң жағынан шешілді. Әрине, біз алдымен отандық өнімге көңіл бөлеміз. Егер шетел компаниялары ниет білдірсе, спорт киімдерін тігіп беруді қалса, біз оған да қарсы болмаймыз. Ең әуелі бізге киім сапалы, көзге түсетіндей әдемі болып шығуы керек.
Біздің спортшылар Париж Олимпиадасында ең бастысы, жақсы өнер көрсетіп қана қоймай, киімдері де әдемі шығуы керек деп ойлаймын. Осыған біз атсалысып жатырмыз.
– Штабтың алдағы жоспары қандай?
– Штабтың алдағы жоспары туралы айтсам, біз ай сайын медиа жоспар дайындап отырмыз. Ақпанға қатысты айтсам, Спортты дамыту дирекциясы өкілдерімен кездесеміз.
15 ақпанда Туризм және спорт министрлігінің үлкен алқа мәжілісі болады. Коллегияға қатысамыз. Сол күні облыстық спорт басқарма басшыларымен кездесеміз. Қазір Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі зор спортшылар көп. Олардың көбі облыстан да шығып жатыр. Міне, сол облыстардағы спорт басқармасы басшыларымен кездесу жоспарланып отыр. Одан кейін Паралимпиада комитетінің өкілдерімен де кездесеміз. Өйткені, штаб Олимпиададан кейін Паралимпиада ойындары кезінде де жұмыс істейді. Бұл кездесу ақпанның соңына дейін болады. Сонымен бірге ақпандағы тағы бір маңызды кездесу Туризм және спорт министрімен жоспарланған. Оны 23 ақпанға жоспарлап отырмыз. Сол күні штабқа Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі келеді. Ол министрмен кездеседі. Кездесуде Париж Олимпиадасы әңгіме болады. Онда елшілік пен біздің жағымыздан қандай ұсыныстар бар, соның бәрі талқыланады. Наурызда бөлек жоспар құрамыз.