Halyq Uni логотип
×

СҚО-да бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер тобы сотталды

Мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтірілді

 Динара Амантай 13.02.2024 | 15:30
СҚО-да бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер тобы сотталды
Фото: polisia.kz

СҚО-да бір жыл бұрын ұсталған браконьерлер тобы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылдың басында Солтүстік Қазақстан облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына Сібір еліктерін өнеркәсіптік ауқымда браконьерлік жолмен атып алумен айналысатын адамдар тобы түсті. Ақпанның соңында ВАЗ-2115 автокөлігімен жүрген Петропавл қаласының 3 тұрғыны ұсталды.

Тексеріс барысында көліктен тіркелмеген тегіс ұңғылы 2 мылтық пен Сібір елігінің 4 ұшасы табылды. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында саяжай учаскелерінің бірінен қойма мен мүшелеу цехы табылды. Бұл жерден полицейлер жануарлардың 2 ұшасы, 40 тері, 12 бас пен 119 тұяқ тәркіледі.

Қылмыстық топқа тағы бір солтүстікқазақстандықтың қатысы бары анықталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұл адамдардың браконьерлік қызметпен байланысты заңсыз бизнес құрғанын анықтады. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, көшбасшы, мерген, қасапшы, жүргізуші болып өзара бөліп алған әрекеттерін іске асырған.

Ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушыларының браконьерлік кәсіпті іске асыру үшін тіркелмеген қару, оқ-дәрі, гильзалар мен бытыралар сатып алғандығы анықталды. Олар атып алынған жабайы жануарлардың етін таныстарына өткізіп отырған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтірілді.

Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 262-бабы мен 337-бабы бойынша сотқа жіберілді. Қылмыстық топтың басшысы атанған, бұрын жеке тұлғаға қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған 31 жастағы петропавлдық сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот онымен қылмысқа бірге барғандарды 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады, – делінген хабарламада.

 Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама