Жүз жастағы қария суға секіруден жүлде алды (ВИДЕО)
Таги Асгариге 1 метр биіктен секіргені үшін алтын медаль табыс етілді
Катардың Доха қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Иран елінің 100 жастағы Таги Асга Асгари атты қарт азаматы 1 метр биіктен суға секіріп, арнайы жүлде алды.
Бұл кісінің өзі де бұрын спортпен айналысқан екен. Ол соңғы рет 41 жасында Иранның суға секіруден өткен чемпионатына қатысып, алтын медальді жеңіп алған. Содан кейін спортпен қоштасып, ресми жарысқа қатыспаған.
Осы жолы ол әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде шақырылған еді. Бірақ ардагер спортшы құрметті қонақтар отыратын жердегі орнынан тұрып, жанкүйерлер алдында суға секіріп, көпшілікті таңқалдырған.
Мен соңғы рет 41 жасымда өз елімнің чемпионатына қатыстым. Содан бері, міне, 60 жыл да өте шықты. 1951 жылы алғаш рет жарысқа қатыстым. Сол жылы Үндістанда өткен Азия ойындарында бақ сынадым. 10 метр биіктен секіріп, күміс медаль, тұғырдан секіруден қола жүлде алған едім. Әлі ештеңе өзгермеген екен, – деді ол.
Әлем чемпионатында ұйымдастырушылар Таги Асгариге 1 метр биіктен секіргені үшін алтын жүлдені табыс етті.