Ақмола облысында жылқылар аштан өліп жатыр
Олардың ауылға жетуге шамасы жоқ
Ақмола облысында аш қалған жылқылар жайылымда жүріп қырылып жатыр. Малшылар даланы қалың қар басқандықтан үйірді үйге айдап келе алмай отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Боран жайылымдағы жылқыларды әлсіретіп жіберген. Даладағы қардың қалыңдығы сонша, мал оның астынан азығына ауыз тигізе алмайды екен.
Жайылымдық жерлердің ауылдан алыс болғаны да жағдайды ушықтырып отыр. Себебі бақташылар аш малды үйге айдап жеткізе алмайды. Жылқылардың жетуге шамасы жоқ.
Жергілікті тұрғындар биліктен көмек сұрап отыр. Олардың айтуынша, аман қалған малды жолды тазалап, дереу шөп жеткізетін ауыр техника ғана құтқарады.
Жылқылар қырылып жатыр. Жағдай өте ауыр. Ешқандай көмек жоқ. Бұл – барлық жылқышылардың мәселесі. Көмектесулеріңізді сұраймыз, – дейді бақташы Темірбек Ғалымов.