Оларға ірі көлемде айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жерасты суларын заңсыз өндіруді анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Талдау шеңберінде суды пайдалануға арнайы рұқсатсыз өндіру арқылы жүйелі бұзушылықтар жасалғаны анықталды. Аққайың ауданы орман шаруашылығының лауазым иелері ҚР Су кодексінің 66-бабы талаптарын бұза отырып, ұңғыманы бұрғылап, жерасты суларын рұқсатсыз өндірген.
Осыған ұқсас бұзушылықтар басқа 19 мемлекеттік органдарда (Жамбыл, Қызылжар, Есіл аудандарының білім бөлімдері, Айыртау, М. Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандары әкімдерінің аппараты, «Пресновка», «Булаев», Есіл» орман шаруашылықтары) анықталды.
Облыс прокуратурасының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша мемлекеттік органдардың лауазым иелері ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша 423 мың 680 теңге айыппұл арқалады. Рұқсат құжаттарын алу бойынша шаралар қабылданып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, қадағалау органы су объектілерін заңсыз басып алғаны және суды заңсыз пайдаланғаны үшін ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл (103 мың 500 теңгеден 897 мың теңгеге дейін) қарастырылғандығын еске салады және қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырады.