Түркістан Ninety one мен Shiza-ның концертіне рұқсат бермеді
«Керуен сарай» кешені халықтың талап-тілектерін ескеріп, әкімдікке ұсыныс жолдады
Түркістан қаласының әкімдігі 28 мамыр күні «Ninety one» тобына, ал 4 маусымда «Shiza» атымен белгілі әнші Асхат Жолшиевке концерт өткізуге рұқсат бермеді.
Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін «Керуен сарай» туристік кешенінде әншілердің концерті өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, кешен әкімшілігі қала тұрғындарының наразылығын ескере отырып, аталған топ мен әншінің жоспарланған концерттерін өткізбеу жөнінде Түркістан қаласы әкімдігіне ұсыныс жолдады, - делінген хабарламада.
Осыған қатысты ақпаратты «Turкіstan» халықаралық телеарнасының бас редакторы Гүлжазира Мәтенова да растады.
«Ninety one» тобы мен «Shiza» деген атпен белгілі әншінің концерттері өтуі тиіс болатын. Алайда, халық әлеуметтік желі арқылы олардың концерт қоюларына қарсылық білдірді. Кешен әкімшілігі әншілермен келісімді бұзғанын хабарлады», - деді журналист.
«Ninety one» - 2015 жылы құрылған топ. Ол поп, g-pop, EDM және поп-рэп жанрында өнер көрсетіп келеді. Топтың жетекшісі – Ерболат Беделхан.
«Shiza» деген атпен белгілі әнші Асхат Жолшиев рэп жанрында ән айтады.