Halyq Uni логотип
×

Президент Ұлытау облысының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы баяндалды

 Динара Амантай 12.02.2024 | 16:25
Президент Ұлытау облысының әкімін қабылдады
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президентке Ұлытау облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14 пайыз өсіп, 210,1 миллиард теңгеге жеткен. Осы ретте жеке инвестицияның үлесі 90 пайыз болды. Өткен жылы өңірде жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын 3 ірі жоба іске асырылды.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, биыл кем дегенде 16 жобаны, оның ішінде өнеркәсіп және геология бағыттары бойынша 8, туризм және сауда салаларында 3, агроөнеркәсіп кешенінде 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде өңірде 700 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл аграрлық салада құс фабрикасын, ет өңдеу кешенін салу, 3 мың гектар аумақта картоп және көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтарды іске қосу көзделіп отырғаны жөнінде мәлімет берілді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 3 мың 600 орындық 6 мектеп салынады. Оның біреуі биыл Жезқазан қаласында пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі биыл іске қосылатын 10 спорт нысаны туралы баяндады. Атап айтқанда, 320 адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының «Намыс» СК балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, Жезді және Жаңаарқа кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражалда жабық бассейн, сондай-ақ ангар типті 5 ойын кешені салынады.

Кездесуде облыстағы жылыту маусымының және жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы айтылды. Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты 2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екінші жылу электр орталықтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар жылу тапшылығы мәселесін шешуге тиіс.

Мемлекет басшысына Жезқазған-Қызылорда және Жезқазған-Арқалық жолдарының құрылыс-монтаждау, сондай-ақ Үйтас-Айдос су құбырын реконструкциялау жұмыстарының басталғаны баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама