Бусто-Арсицио қаласында барлығы 49 жолдама үлестіріледі
4-12 наурыз аралығында Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында Францияның Париж қаласында жалауы көтерілетін жазғы Олимпиялық ойындарға лицензия беретін халықаралық турнир болады. Оған 114 елден 668 спортшы қатысады.
Жақында Олимпиада жолдамасына таласатын боксшылардың есімдері белгілі болды. Қазақстанның ерлер құрамасы 5 салмақта қолғап түйістіреді. Олар – Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі).
Ерлерде 28 жолдама үлестіріледі.
Әйелдер құрамында шаршы алаңға 50 келі салмақта Алуа Балқыбекова шығады. Сонымен бірге 54 келіде Жайна Шекербекова, Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) бар.
Әйелдерде 21 жолдама сарапқа салынады.
Бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында әзірше 2 жолдама бар. Оны 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жеңіп алды.
Бусто-Арсицио қаласында барлығы 49 Олимпиада жолдамасы үлестіріледі.