Алматыда биыл екі жаңа жолайырық салынады
Сондай-ақ ұзындығы 690 метр болатын екі тоннель салу көзделген
Алматыда 2024 жылы екі жолайырық пен екі көшені ұзарту аяқталады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жол инфрақұрылымын дамыту аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жолайырықтар салу, магистральдық жолдар мен радиалды көшелерді ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың соңында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайырық ашу жоспарланып отыр. Жоба аясында Сейфуллин даңғылында көліктердің кедергісіз жүруі үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі тоннель салу көзделген. Жансүгіров көшесінде 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, жаяу жүргіншілер жолы және көгалдандыру қарастырылған.
Осы жылдың 3-тоқсанында Сайын көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысындағы жолайырықты ашу жоспарланған. Бұл «жоңышқа жапырағы» түріндегі жолайырық болмақ. Түрлі бағыты әрі кіреберісі болады. Ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдар салу қарастырылған.
Бұған қоса, 2024 жылдың соңына дейін екі көшені ұзарту аяқталады:
- Біріншісі – Сайын көшесінің бойымен Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 3,2 шақырым жол. Ол арқылы Момышұлы көшесіндегі көлік жүктемесі 30%-ға төмендейді деп болжанып отыр.
- Екіншісі – Абай даңғылынан Б.Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін. Жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын көшені ұзарту мегаполис орталығынан ҮАААЖ-дан батыс бағытта қосымша дәлізді қамтамасыз етеді.
Қазір Рысқұлов даңғылын Ф. Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту қолға алынған. Учаскенің жалпы ұзындығы – 2,3 шақырым. Келесі жылы Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту басталады. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 10,5 шақырым.
Дәл осы кезеңде Солтүстік айналма көшесін ұзындығы 1,2 шақырым болатын қала шекарасына дейінгі ұзарта бастау көзделген.