Министр мәселені шешудің басқа жолы барын айтты
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Абай облысындағы сұрапыл өрт кезінде орманшылар ұялы байланыстың болмауынан көз жұмғанынан айтып, Экология министрі мен Цифрлық даму вице-министріне сұрақ қойды. Алайда олар сұраққа толық жауап бере алмады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатында Ерлан Сайыров былтыр Абай облысында болған сұрапыл орман өртін еске салды. Ол өрттен 14 адам қаза тапқан еді.
Абай облысындағы өрт кезінде орманшылар сондағы ұялы байланыстың істемейтініне және орманның ішінде интернеттің жоқтығына тап болды. Сондағы орманшылардың айтуынша, азаматтардың қаза табуына ұялы байланыстың жоқтығы себеп болған. Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі орманда және орман шаруашылықтарында ұялы телефон мен интернет болуы үшін нақты қандай жұмыстарды іске асырып жатыр? - деді депутат.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек орманда ұялы байланыс қызметін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін жеткізді.
«Мобильді байланыс қарапайым азаматтарға керек, ал құтқарушыларға арнайы радиобайланыс қажет. Енді орман аумағындағы елді мекендерді мобильді байланыспен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтамасыз етеміз. 2027 жылға қарай ауылдарда интернет және мобильді байланыс болады. Елді мекендерден алыс орналасқан орман шаруашылықтары бар. Мұнда байланысты тек спутниктік технология арқылы орнатуға болады... Орман шаруашылықтары мен ормандарды интернетпен қамтамасыз ету іс жүзінде мүмкін емес», - деді ол.
Алайда министр мәселені шешудің басқа жолы барын айтты.
Біз заң жүзінде бұл талаптың болғанын қалаймыз. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады, яғни цифрландыру және байланыс бойынша түзетулер енгізілді. Заңда (апат болғанда) ұялы байланыс операторлары жылжымалы мобильді станцияларды ұсыну міндеттемесін жүктейтін норма қарастырылған, - деді Асхат Оразбек.
Вице-министрдің жауабы депутатқа ұнамады.
«(Мәселеге) немқұрайлы қарау осы жүйені құртады. Мен нақты сұрақ қойдым. Өкінішке қарай, сұрағыма жауап алмадым. Бұған дейін ТЖМ өкілі сұрақты министрлікке бағыттады. Енді вице-министр «Цифрлық даму министрлігі нақты не істейді?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Сіздер неге бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер? Мен Цифрлық даму министрлігіне «Орманның ішінде ертең тағы өрт болса, интернет және ұялы телефон бола ма, болмай ма?» деп нақты сұрақ қойдым... Міне, осы сұраққа кім жауап береді?» - деді Ерлан Сайыров.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та сұраққа мардымды жауап бере алмады.
Нақты жауап бере алмаймын. Биыл күзде барғанда «Лесхоз» деген ауылдардың біреуінде ұялы байланыс болмаған. Мұны білемін. Себебі экономикалық орындылық деген бар. (Интернет пен ұялы байланыс) адам және үй санына байланысты қойылатын дүние екен. Шыны керек, біз адам саны жетпейтіндіктен (интернет, ұялы байланыс) орнатылмайды деген соң бұл мәселені жаптық.
Өзім барып, жиналыс өткізгенде телефондарымыздың істемей тұрғаны шындық», - деді ведомсво басшысы.