«Семей орманы» резерватындағы өрт салдарынан 6 млн текше метр ағаш өртенген
Абай облысында өртенген ағашты өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы өңірде болған орман өртінің салдарын жою бойынша қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды.
Біріншіден, 2023 жылғы қазанда министрлік жедел штаб құрды. Оның құрамына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның өкілдері, «Семей орманы» резерватының мамандары, Абай облысының әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді.
Екіншіден, тиісті жол картасы бекітілді. Өрт шалған екпелерге қатысты орман мамандары жүргізген зерттеулердің нәтижесі бойынша ағаш зиянкестері мен аурулары байқалған. Осыған байланысты орман зиянкестерінің таралуына жол бермеу және ағашты сақтау үшін бүлінген сүректі жинап алуды барынша қысқа мерзімде іске асыру қажет, - деді Ерлан Нысанбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Алдын ала деректер бойынша, Абай облысында ормандағы өрттен шамамен 6 млн текше метр ағаш жанып кеткен. Резерватта бар техника мен жабдықтар, адам күші осындай көлемдегі жұмысты істеуге есептелмеген. Сондықтан арнайы техника мен жабдықтарды сатып алу керек.
«Өртенген орман ағаштарының жалпы көлемінің шамамен 80 пайызы – отындық ағаш. Сондықтан бұл аймақта ағашты тереңдетіп өңдеу зауытын салу керек. Бұл ретте, министрлік Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, орман өртінен бүлінген сүректі тереңдетіп өңдеу зауытын салу үшін инвесторларды тарту мәселесін пысықтап жатыр. Қазір 4 компания осыған мүдделі», - деді министр.