Halyq Uni логотип
×

Орман өртімен жасанды интеллект арқылы күресеміз – министр

Бұл деректерді тез өңдеп, жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 12.02.2024 | 11:05
Орман өртімен жасанды интеллект арқылы күресеміз – министр
Фото: Halyq Uni

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан орман өртін ерте анықтау үшін жасанды интеллектті пайдаланатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағатында министр орман өртін ерте анықтау жүйесі әзірленіп жатқаны жеткізді. 

Орман өрттерін сапалы және уақтылы анықтау, орман шаруашылығына цифрландыруды енгізу президенттің жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында мақұлданды. Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллектті қолданып, бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Жоба аясында еліміздің орман қорының аумағында әртүрлі көздерден алынған деректерді топтастыру арқылы өртті ерте анықтау және жедел шешімдерді қабылдауға, мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ситуациялық орталық құру жоспарланып отыр.

Өртті анықтау радиусы 30 шақырымға дейін айналмалы көру мүмкіндігі бар бейнебақылау камераларының көмегімен іске асырылады», - деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, аталған жүйе ұлттық парктерге қойыла бастаған.

Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» резерваты мен «Көкшетау» ұлттық паркіне енгізілді. Сондай-ақ осыған ұқсас жүйелер «Бурабай» ұлттық паркінде, «Медеу» табиғи паркінде бар. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының орман мекемелерінде жетілдіруді қажет ететін тек бейнебақылау жүйесі орнатылды. «Бурабай» ұлттық паркіне енгізілген жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен, бұдан бұрын орман өртінің орташа ауданы 80 гектар болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарды.

Өртті ерте анықтау жүйесі республикалық және жергілікті деңгейдегі объектілерде кезең-кезеңімен енгізіліп, ситуациялық орталыққа қосылып отырады», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама